06.01.2021 жыл.
Оқушылардың қысқы демалысын тиімді пайдалану мақсатында және облыстық «Өнегелі өмір», «Дәстүр мен ғұрып» жобалары аясында елімізге танымал боксшы, халықаралық спорт шебері, 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, Қазақстанның спорт шебері, «Олимпиадалық дайындық орталығы» РМҚК директоры, Әуесқой бокс федерациясының тұңғыш вице-президенті Ермахан Сағиұлы Ыбрайымовпен қашықтан кездесудің сәті түсті.
Бұл кездесудің мақсаты – салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау, Елбасының 2011-2015 жылдарға және 2016-2020 арналған Саламатты Қазақстан» бағдарламалары аясында салауатты өмірді жандандыру; бос уақытты тиімді пайдалану; Қазақстанға танымал спорт шеберлерімен пікірлесу, үлгі алу, мектеп бітіруші түлектерге кәсіптік бағдар беру, ер бала тәрбиесіндегі әкенің алатын рөлін насихаттау.
Ермахан Сағиұлы Ыбрайымов -
2007 жылдан бері - «Олимпиадалық дайындық орталығы» РМҚК директоры. Әуесқой бокс федерациясының тұңғыш вице-президенті. Әскер қатарындағылар арасындағы бірінші Бүкіләлемдік ойындардың чемпионы (Рим, 1995); Азия чемпионы (1995); XXVI Олимпиадалық ойындардың 71 кг дейінгі салмақтағы қола жүлдегері (Атланта, 1996); Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Будапешт, 1997); Азия ойындарының чемпионы (1998); Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Хьюстон, 1999); XXVII Олимпиадалық ойындардың 71 кг дейінгі салмақтағы чемпионы (Сидней, 2000); халықаралық турнирлер жеңімпазы (Филиппин, 1994); (Галле, Бангкок, 1998). КСРО спорт шебері (1988). Халықаралық класстағы спорт шебері. ҚР бокстан Еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР бокстан Еңбeк сіңірген жаттықтырушысы. I дәрежелі «Барыс» орденімен «Ерен еңбегі үшін»медалінің иегері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Жыл спортшысы» номинациясы бойынша «Жыл адамы» атағының иегері, көп балалы әке.
Кездесуге мектеп мұғалімдері мен оқушылары, ата-аналар және Сәтбаев қаласындағы мектептердің дене шынықтыру пәні мұғалімдері де қатысты. Қатысушылар өздерін қызықтыратын сұрақтарды қойып, Ермахан Сағиұлымен өте тартымды сұхбат құрды.
Сұхбат барысында кездесу қонағы Ермахан ағай қазіргі қоғамдағы әкенің отбасындағы ролі туралы, балаға тәрбие ең алдымен отбасында берілу керектігін өткір айтты. Бұл кездесу қонағының әрбір сөйлеген сөзі - оқушыларға патриоттық тәрбие мен қайсар рух, мұғалім мен ата-анаға мықты мотивация берді. Ермахан Сағиұлы тыңдаушыларға барлық қиындыққа қарсы тұрып, мойымай, денсаулықты сақтап, салауатты өмір салтын ұстануға, жаман әдеттерден аулақ болуға, елімізді дамытуға үлкен үлес қосуға шақырды.
https://satp-sch7.edu.kz/kz/2019-02-15-12-27-42/106-ermakhan-sa-i-ly-ybrajymov#sigFreeId3f5e043029