Created: 12 Мамыр 2021
118

"Оқуға құштар мектеп"

27.04.2021 жыл.

Бүгін мектебімізде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Кузембаева Т.К. және тәрбие ісі орынбасарлары мен кітапханашылардың ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен облыстық «Өнегелі өмір», "Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында жетістікке жеткен тұлғалардың еңбек жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие және кәсіби бағдар беру мақсатында ақын, журналист, Қазақстан Республикасының Журналистер одағының мүшесі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, "Құрмет" орденінің иегері Мырзабеков Батырбек Тыныштықбайұлымен кездесу-сұхбаттың сәті түсті. 

Батырбек Мырзабеков 1948 жылы туған. Ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚазМУ-нің журналистика факультетін бітірген (1972).Ұлытау селолық клуб үйінің директоры (1967), Жезді аудандық "Октябрь туы" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі (1971-1972), "Ұлытау өңірі" газетінде бөлім меңгерушісі (1972-1980), Ұлытау аудандық Кеңесі атқару комитетінде бөлім меңгерушісі(1980-1981), "Жезқазған туы" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі (1982-1997), "Сарыарқа" газеті редакторының орынбасары (1997), тәуелсіз "Наз", "Дауа" газеттерінің бас редакторы (1998-2004). ҚР Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталған (1993). 

"Тас бұлақ" (1995), "Ұлытаудың ұлымын" (1995) жыр жинақтарының, "Ұлытау - ұлттың ұясы" (2001) тарихи-көркем, публицистикалық кітабының авторы. Кездесуге мектеп мұғалімдері, жоғарғы сынып оқушылары қатысып, өздерін қызықтыратын сұрақтарды қойып, Батырбек Тыныштықбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы танысты. 

Кездесу қонағы оқушыларымызға өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі екенін, отбасы тәрбиесінің маңыздылығын т.б көптеген ақыл - кеңес беріп, оқырмандарға үлкен ой салып, болашаққа бағдар жасауға себепші болды. Кездесу соңында кеш қонағы Батырбек Тыныштықбайұлы мектебіміздің өркендей беруіне тілегін білдіріп, қолтаңба қалдырды. 
 
Құрметпен, Сәтбаев қаласының "№7 ЖОББМ" КММ